АЛМАТЫ, 25 шілде – Sputnik. "Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекеме басшысының бұрынғы орынбасары ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды бас прокуратура.
Экс-орынбасар Кербұлақ ауданы Малайсары ауылының кіреберіс автожолында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өзінің қызметтік жағдайын теріс пайдаланды деген күдікке ілінген.
"Кербұлақ ауданында жол салу кезінде болған заңбұзушылықтар фактісі бойынша күдікті ұсталды. Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен "Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" басшысының бұрынғы орынбасары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", - деп мәлімдеді ведомство.
Заңбұзушылық салдарынан мемлекетке 37 миллион теңгеден астам сомада материалдық залал келтірілген. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағымен "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.