АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Шымкент қаласында 4 жасар бала қолын еттартқышқа салып жіберді. Құтқарушыларға арнайы құралдарды қолдануға тура келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
22 шілде күні кешкі сағат 19.02-де Тұран шағын ауданында орналасқан жеке тұрғын үйде 4 жасар баланың қолы еттартқышта тұрып қалғаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына 4 құтқарушы барды. Бала қолын шығара алмай қалған.
Құтқарушылар гидравликалық және слесарлық құралдарын қолдана отырып, еттартқышты кесіп, баланың қолын шығарып алды. Оған медициналық көмек қажет болды. Баланы дәрігерлер алып кетті.
Ресми мәліметке сәйкес, өткен демалыс күндері қала тұрғындары құтқарушыларды 6 рет шақырған. Олар 3 рет жылан аулады және 2 рет сақинаны шешіп берді.