АЛМАТЫ, 24 шілде – Sputnik. Алматы облысы Іле ауданының Өтеген батыр ауылында бес қабатты үйдің 3-қабатында газ баллоны жарылды, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
23 шілдеде сағат 20:25-те Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне газ баллонының жарылғаны туралы хабар келіп түскен.
Газ баллонының жарылуы салдарынан 3 шаршы метр аумақта балкон жанып, өрт ас үйге өткен.
"Газ түтінінен қорғау қызметі буынының көмегімен және құтқару қалпақшасын пайдалану арқылы төртінші және бесінші қабаттардан 5 адам түтін аймағынан құтқарылды. Тағы 5 адам өздігінен эвакуацияланды", – деп хабарлады департамент.
Жанып жатқан пәтердің иесі – екінші топтағы мүгедектігі бар қарт әйел.
Оқиғаның себебі – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Бұны пәтердің иесі де растады.
Оның айтуынша балконда от жағуға арналған кішкентай газ баллоны сақталған екен, ол жоғары температура салдарынан атылып, балконда өрт шыққан.
Осы өрт фактісі бойынша аталған пәтердің иесі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.