АСТАНА, 21 шілде – Sputnik. Астанада адамдарды құтқару кезінде ерлікпен қаза тапқан батыр өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы телесериал қыркүйекте көрсетіледі, деп хабарлайды ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Телесериал "Қаһарман" деп аталады.
"Өрт кезінде опат болған батыр бейнесін насихаттайтын сериалдың сюжеті шынайы оқиғаларға негізделген – халық қаһарманы Асқар Забикулин туралы. Бас кейіпкері – былтыр ғана алаумен арпалысып, үш адамның өмірін құтқарған, өкінішке қарай, өзі ажал құшқан өрт сөндіруші Асқар Забикуллин”, - дейді ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Министр Астанада түсірілім алаңына барып, шығармашылық топпен кездесті.
Сонымен қатар, Асқар Забикулиннің әйелі – Анель және қыздарымен әсерлі әңгіме болды.
"Bas production" продюсерлік компаниясы түсіретін сериал қыркүйек айында "Астана" телеарнасында көрсетіледі.
Еске сала кетсек, былтыр 16 қарашада Асқар Забикулин Астанадағы "Қаһармен" тұрғын үй кешенінде бірнеше адамды өрттен аман алып шықты. Ол 12-қабатта орналасқан терезеден құтқару арқаны арқылы 11 қабатқа түсіп, жанып жатқан пәтердің терезесінен түскен.
Сол уақытта пәтерде адамдар болған. Барлығы аман құтқарылды. Оның бірі – 10 жастағы бала. Адам өміріне араша болған құтқарушының денесінің 80%-ін күйік шалды. Ол 1-ші көп бейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Асқар Забикулин төрт күннен кейін 20 қарашада аурухана төсегінде көз жұмды.
Биыл сәуір айында Астанада құтқарушылар саябағында Асқар Забикулинге ескерткіш тақта орнатылды.