Өңірлер

32 жастағы "Болашақ" түлегі туған ауданына әкім болып тағайындалды

Sputnik
АСТАНА, 21 шілде – Sputnik. Ақтөбе облысы әкімінің өкімімен президент әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша Хромтау ауданының әкімі болып Нұрхан Тілеумұратов тағайындалды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Нұрхан Жасұланұлы Тілеумұратов 1991 жылы Хромтау ауданында дүниеге келген.
Білімі жоғары: 2013 және 2015 жылдары Халықаралық бизнес университетін, 2017 жылы Ұлыбританияның Уорвик университетін "Болашақ" мемлекеттік бағдарламасы бойынша, 2019 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2013 жылы Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының іс жүргізу жөніндегі инспекторы болып бастады.
Әр жылдары Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басшының орынбасары, "KAZAKH INVEST" Ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының өңірлік директоры болып жұмыс істеді.
2020 жылдың сәуір айынан бастап Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы қызметін атқарды.