АСТАНА, 20 шілде – Sputnik. Түркістан облысында сыра ішіп алып көлік жүргізген жүргізуші жедел жәрдем маманын соққыға жықты. Ал полиция қызметкері ешқандай шара қолданбаған. Облыстық полиция департаменті осы оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға 28 сәуір күні Леңгір қаласында болған. "Volkswagen Passat" маркалы көліктің жүргізушісі көпірдің үстінде жедел жәрдемге жол бермеген. Содан жанжал туындап, екі көліктің жүргізушісі төбелесіп қалған.
Оқиға орнына барған полицейлер алдымен "Volkswagen Passat" жүргізушісін медициналық куәландыруға алып барған. Сол жерде оның "жеңіл дәрежеде" мас болғаны анықталды. Осыдан кейін бұзақылық әрекеттері мен дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бірақ тергеу кезінде жедел жәрдем жүргізушісі шағымы жоқ екенін мәлімдеді. Содан 25 маусымда тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Дегенмен "Volkswagen Passat" жүргізушісі мас күйінде көлік жүргізу және жалған нөмірлері бар автокөлікті тізгіндеу баптары бойынша жауапқа тартылды.
"Осы жылдың 20 шілдесінде "Volkswagen Passat" жүргізушісі ұсталды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жоғарыда аталған баптары бойынша жауапқа тарту үшін сотқа жеткізілді", - дейді полицейлер.