АСТАНА, 20 шілде – Sputnik. Прокурорлар мемлекеттік, жеке және шатырлы лагерьлердің қызметін тексеруге кірісті, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
"Жазғы кезеңді және балалардың құқықтарының ықтимал бұзылуын ескере отырып, бас прокурордың тапсырмасы бойынша аумақтық прокурорлар уәкілетті органдармен бірлесіп мемлекеттік, жеке және шатырлы лагерьлердің қызметін тексеруге кірісті", - деп жазылған хабарламада.
Балалардың қандай жағдайда тұратынын, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын, өрт қауіпсіздігін, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз ету жағдайын тексеру жоспарланып отыр.
2023 жылға арналған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу кезінде заңдылықты сақтау мәселелері зерттеліп жатыр.
Атап айтқанда, Алматы қаласының прокуратурасы "саунамен бір үй-жайда балалар лагерін" ұйымдастыру кезінде кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі өкілеттіктерді теріс пайдалану және міндеттерді орындамау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 848 лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 118 – мемлекеттік, 100 – жекеменшік, 630 – шатырлы.
Сондай-ақ осы жылдың маусым айында 10216 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеді.