АСТАНА, 20 шілде - Sputnik. Ақтөбеде сот 4 жасар Данилдің анасын іздеп жатыр, деп хабарлайды "Диапазон" порталы.
Судья оны іздеуге уақыт беру үшін сот ісін кейінге қалдырды. Бірақ прокурор да, тергеуші де оны таба алмай жатыр. Қатыгездікпен өлтірілген баланың анасы ұшты-күйлі жоқ.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, Данил ауырған, інісі мен қарындасына барам деп сұранған. Баласына ашуланған әкесі оны ұрған. Кошевой көшесіндегі жалдамалы пәтерде бүлдіршін әкесінің қолынан қайтыс болған.
Әкесі экскаватор-тиегіш жалдап, баланы көміп тастаған. Шұңқыр қазған экскаватор жүргізушісінен жауап алынды.
Ер адам айыпталушыны тек бір-ақ рет көргенін айтты. Данилдің әкесі жүргізушіні интернеттегі хабарландыру арқылы тапқан.
"Ол ата-анасына үй салып жатқандықтан, құрылыс қоқыстары үшін шұңқыр қазуды өтінді. Мен қоқыстың өзін көрген жоқпын. Кейін клиент маған еңбегім үшін 20 мың теңге берді. Мен кетіп қалдым. Осыдан кейін мен оны көрмедім. Бірнеше күннен кейін маған полициядан қоңырау шалып, шұңқырды неге қазғанымды сұрады. Мен қалай болғанын айттым. Әрине, мен бұл туралы білгенімде, осы 20 мың теңгеге азық-түлік сатып алып, балаларыма бермес едім. Маған мұндай ақша қажет емес", - деп түсіндірді ол.
"Үміт" балалар үйінің қызметкерлері мен басшылығынан да жауап алынды. Олар Артур Ахуновтың балаларын 1 желтоқсанда туған күнін тойлауға мекемеге әкелген кезде бүлдіршіндердің денелерінің көгергенін көрген.
Сондай-ақ сотта "Үмітке" шақыру бойынша келген кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордан жауап алынды. Ол айыпталушының анасының үйіне барып, оның үш баласы қандай жағдайда тұратынын көрген. Инспектордың айтуынша, тұрмыстық жағдайлары қалыпты, үй жылы, тоңазытқышта өнімдер болған.
"Мен де балалардың әкесінен түсініктеме алдым. Ол балаларды ұрмайтынын айтты. Мен Ахуновтың көршілерімен де сөйлестім, олар оған қатысты еш шағым айтқан жоқ, оны мас күйінде көрмегендерін, пәтерінен шу естімегендерін айтты", - деді кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор сотта.
Сотталушының өзі әлі жауап берген жоқ. Бірақ күдікті сот тергеуінің басында "кісі өлтіру" бабымен келіспейтінін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың желтоқсанында Ақтөбе қаласының еріктілері мен полициясы бүлдіршіннің әжесінің үйінің ауласынан жоғалып кеткен 4 жасар Данил Ахуновты іздеген болатын.
Екі күннен кейін полиция оны зорлық-зомбылықпен өлім белгілерімен тапқанын хабарлады. Әкесі баланы өлтірді деген күдікпен ұсталды.
Үшем Данил, Максим және Алина 2018 жылдың 1 желтоқсанында Тұңғыш президент күні дүниеге келген болатын. Қуанышты оқиға бұқаралық ақпарат құралдарынанда кеңінен жарияланды, тіпті, үшемдердің анасы қала әкімі келгенін, оларға пәтер уәде етілгенін айтты. Бірақ пәтердің берілген-берілмегені расталмады.