АҚШ Қырғызстанға санкция салмақ: Қазақстанға алаңдауға негіз бар ма

Sputnik
АСТАНА, 20 шілде – Sputnik. Қазақстанға санкция салынады деген қауіп жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер АҚШ Қырғызстанға санкция салғалы жатқанын еске салып, Қазақстан да осындай проблемаға тап болмай ма деп сұрады.
Айдаров Ресейге қарсы алғаш рет санкция салынғаннан бері Қазақстан бұл процесті белсенді бақылап отырғанын атап өтті.
"Біз санкциядан жалтару үшін арнайы әрекетке бармайтынымызды үнемі айтып жүрміз. Бірақ Ресеймен дәстүрлі экономикалық байланысымызды жалғастырып келеміз. Біз ештеңе жасырмаймыз. Сол себепті қазір соңғы санкциялар пакетінде біздің компанияларға, Қазақстанға қатысты қауіп көріп тұрған жоқпыз", - деді сыртқы істер министрінің орынбасары.
Ол СІМ Қазақстанға қатысты санкция енгізуге ешқандай алғышарт көріп тұрмағанын айтты.
"Соңғы пакетте мұндай жоқ. Біз Қазақстан тәуекел аймағына кірмеуі үшін алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Біз барынша ашықпыз және ынтымақтасуға дайынбыз", - деді Айдаров.
Ол өткен жылдан бастап Қазақстан Ресейге әскери мақсаттағы тауарларды жеткізуге мүлде тыйым салғанын атап өтті. Ал қос мақсаттағы тауарлар бойынша сертификаттау енгізілген, яғни тауарды шығару үшін арнайы лицензия қажет. Бұған қоса электронды шот-фактуралар арқылы Қазақстан аумағы арқылы немесе Қазақстаннан жеткізілетін барлық санкциялық тауар қадағаланады.
"Егер біз осындай тәуекелдерді байқасақ, ешқандай тарихы жоқ, бір күндік компаниялар анықталып жатады. Оларды тоқтату үшін шаралар қабылдаймыз. Сонымен қатар мелкеттік кірістер комитетінің барлық жүйесінде тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілген. Ол жаңа санкциялық талаптарға байланысты жаңа білімдермен толығады. Жүйе бір күндік компаниялар мен фирмаларды анықтайды, оларды тоқтату жұмысы жүргізіледі", - деді Айдаров.