АСТАНА, 20 шілде – Sputnik. Абай облысында төтенше жағдайлар кезінде үш жүзден астам адам құтқарылды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов өңір халқымен кездесуінде айтты.
"Жыл басынан бері Абай облысының құтқарушылары үш жүзден астам адамды құтқарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұл ретте өңірде бес жүзден астам төтенше жағдай тіркелді", - деді министр.
Облыс бойынша төтенше жағдайлардың басым бөлігін тұрмыстық және өндірістік өрттер құрайды, бұл шамамен 90%. Осы оқиғалардың көбі жылыту кезеңіне тиесілі.
Сонымен қатар министр өңір тұрғындарын елдегі жедел жағдай туралы хабардар етті. Бірінші жартыжылдықта төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқандардың саны 8,4%-ға азайған. Бұл ретте республика бойынша 6 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелген.