АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Ертең, 20 шілдеде тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталады. Өтінімдер 30 шілдеге дейін қабылданады, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 тамызда басталады.
Министрліктің ақпаратынша, тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлерге тестілеуден қайта өтіп, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндік береді. Тіркелу кезінде тест тапсыратындар емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
"Өкінішке қарай, қаңтар-шілде аралығында өткен ҰБТ-да кейбір талапкерлер шекті балл жинай алмады. Біз осы балалардың ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шекті балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет", – деді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетері, негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын өзгерте алады.
Сондай-ақ, өз мамандығы бойынша ЖОО-да ақылы негізде оқуды жалғастырғысы келетін колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Барлық бес ҰБТ-ның қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмаған талапкерлерге ЖОО-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Ары қарай олар 2024 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, ЖОО-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады, деп атап өтті ведомство.