АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Шымкентте алты компания ашып, миллиардтаған ақшаны жалған шот-фактуралар арқылы өткізген алаяқтар сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Қаланың екі тұрғыны келісімшартта көрсетілген нақты жұмыстарды орындамаған, ешқандай қызмет көрсетілмеген. Оның бәрін жалған шот-фактуралармен рәсімдеп отырған.
"Олар 2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың тамызына дейінгі аралықта жалпы айналымы 2,1 млрд теңгеден асқан 6 компания құрып, ақшаны жалған шот-фактуралар арқылы өткізген, соның салдарынан мемлекеттік бюджетке салық түрінде 700 млн теңгеге жуық қаржы түспей қалған", - дейді агенттік мамандары.
Сот үкімімен екеуі де кінәлі деп танылып, 3,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.