АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерге әкімшілік кедергі келтірген лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық департаменті.
Глубокое ауданының кәсіпкері облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, аудандық әкімдік қызметкерлерінің үстінен шағым айтқан.
"Әкімдік қызметкерлері ұзақ уақыт бойы кәсіпкердің қоймасында тегін сақталып келе жатқан, тәркіленген мүлікті сату бойынша аукционды мерзімінде қайта өткізбеген. Ал бұрын өткізілген аукционда жеңіп алған сатып алушы алған мүлкінен бас тартқан", - деп хабарлады ведомство.
Заң бойынша аукционда жеңген адам белгіленген мерзімде қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймаса, сатушы сатып алу-сату шартын біржақты тәртіппен бұза алады.
"Глубокое ауданының қаржы бөлімі сатып алушы қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймауына байланысты шартты біржақты тәртіппен бұзып, мүлікті аукционда қайта сату қажет болған. Алайда 2023 жылдың наурызынан бастап аукцион қайта өткізілмеген", - деп атап өтті департамент.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы араласқаннан кейін ғана сатып алу-сату шарты бұзылып, аукцион қайта басталған. Ал кәсіпкердің мұңын тыңдамаған лауазым иелері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.