Павлодар облысында өрттен малы қырылған шаруаларға көмек көрсетіледі

Sputnik
АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Павлодар облысында өрттен малы қырылған шаруаларға төрт бағытта көмек көрсетіледі, деп хабарлады облыс әкімі Асайн Байханов.
Өңір басшысы дала өрті шарпыған Баянауыл, Май аудандары және Екібастұздың ауылдық аймақтарына барып, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

"Шабындық үшін арзандатылған дизель отынының көлемін 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін арттырамыз. Жем-шөп дайындау үшін субсидиялау көлемін бір бас ІҚМ үшін 7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін және ұсақ мал үшін 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін арттырамыз. Мұқтаж фермерлерге қор санаты, мемлекеттік орман қоры және жайылма учаскелерінде шөп дайындауға мүмкіндік береміз. Дәнді дақылдарды жинау кезінде сабан дайындауды қарастырамыз", - деп жазды Байханов желідегі парақшасында.

Сондай-ақ өртте 73 бас ұсақ малы (50 ешкі және 23 қой) жанып кеткен Әлкей Марғұлан ауылының тұрғындарына келтірілген шығынды өтеу үшін өңірдің ірі кәсіпорындары материалдық қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар жазғы үйі мен малға арналған қоршауы зардап шеккен екі шаруашылыққа да дәл осындай көмек көрсетіледі.
Павлодар облысында дала өртінен жануарлар қырылды