АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Ақтөбеде зейнеткерлерді алдап, ірі көлемдегі ақшасын иеленген күдіктілер қолға түсті. Олардан 15 млн теңге тәркіленді, деп хабарлады Polisia.kz.
13 шілдеде Ақтөбе қаласының 84 жастағы тұрғыны қалалық полиция бөліміне арызданып, алданып қалғанын жеткізген. Зейнеткерге белгісіз тұлғалар хабарласып, қызы жол апатына тап болғанын және оған ота жасау үшін ірі көлемде ақша қажет екенін айтқан.
Жедел іздестіру іс-шараларын өткізу барысында ақша қаражатын аудару кезінде 3 алматылық күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ұсталғандардан 15 миллион теңге тәркіленді, олар банктердің терминалы арқылы ақшаны сыбайластарының шоттарына жібермек болған.
Сонымен қатар қылмыстық істі тергеу барысында ұсталған күдіктілердің осындай тәсілмен Ақтөбе облысының аумағында қарт адамдарға қатысты ірі көлемде бірнеше алаяқтық жасағаны анықталды.