АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек желіде тараған казинодағы фотосы қашан түсірілгенін және оның неге дәл қазір жарияланып жатқанын айтты.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің казинодағы суреті
Мәжілісмен казино қызметіне үзілді-кесілді қарсы екенін атап өтті.
"Достар, мен ойыншы емеспін. Казиноға ешқашан қызыққан да, ойнаған да емеспін. Бұған мына фото арқылы да көз жеткізуге болады, мен жұбайымның қасында бір шыны шәй ішіп, тәтті жеп, бақылап отырмын", - деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Базарбектің айтуынша, желіде тараған суреттер 7 ай бұрын, мәжіліс депутаты болып сайланғанға дейін түсірілген. Нақтырақ айтқанда бұл 2022 жылғы 24 желтоқсанда Қонаев қаласындағы Bellagio казиносында түсірілген фото.
Ол сол мекемеде концерт өткенін, оған әйелімен бірге барғанын айтты.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің казинодағы суреті
Депутат мәжіліске дейін мемлекеттік қызметте істемегенін, жер мәселелері жөніндегі кәсіби коммерциялық заңгер болғанын еске салды.
"Коммерциялық заңгер болған кезімде уақытымды қалай және қайда өткізгенім менің жеке шаруам деп санаймын. Ал біреулердің мына жеке суреттерді (жасырын түсірілген) араға 7 ай салып, менің мәжілістегі белсенді жұмысымнан кейін жариялауы кездейсоқтық емес", - деп мәлімдеді Бақытжан Базарбек.
Айтуынша, ол мәжіліс мінберінен жер қатынастары мен құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді көтерген. Үкіметтен мемлекеттік жер кадастрын ашуды және барлық жер иелері мен жер пайдаланушылардың аты-жөні жариялауды талап еткен. Үкіметтің қарсылығына қарамастан аталған ұсынысты заңсыз шығарылған активтерді қайтару және жайылым мәселелері туралы заң жобаларына енгізген.
Базарбек желіде тараған казинодағы суреті "халықтың алдында менің абырой-беделімді түсіріп, мені қаралау, осылайша менің жер саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресімді жоққа шығаруды" көздейді деп мәлімдеді.
"Маған ақпараттық қысым көрсете отырып, олар осы ұсыныстардың заң жобасына айналуына кедергі жасауға тырысуда. Бұл барып тұрған арандату, менің депутаттық қызметіме кедергі келтіру", - деп санайды парламентарий.
Бақытжан Базарбек ешқандай айла-шарғыға және арандатушылыққа ермейтінін атап өтті.