Қосшыда жанып жатқан пәтерден алты адам құтқарылды – видео

Sputnik
АСТАНА, 16 шілде – Sputnik. Қосшы қаласында полицейлер жергілікті тұрғындармен бірге отқа оранған пәтерден алты адамды алып шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, 15 шілде күні сағат 22:14-те Қосшы қаласының полиция бөліміне "Нұрай" көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерінен өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Отқа оранған үйде алты адам қалды, үшеуі – кәмелет жасқа толмаған балалар. Олар баспалдақпен түсе алмады. От дәлізге дейін тараған, оған қоса, подъезді көк түті басқан.
Оқиға орнына барған полицейлер жергілікті тұрғындармен бірге барлық адамды құтқарды. Олар алдымен бесінші қабаттан арқан түсірген. Соның көмегімен 3, 10, 11 жастағы балаларды, 18 жастағы қызды, 29 жастағы әйел және 50 жастағы ер адамды үшінші қабаттағы балкон арқылы алып шықты. Оқиға орнына өрт сөндірушілер де барды. Бірақ бірден кіре алмады.
Пәтерде қамалып қалған отбасы ауруханаға жеткізілді. Оларға медициналық көмектің қажеті болмады.
Қазіргі кезде 3 подъездің тұрғындары толық эвакуацияланды. 10 адам қонақ үйге орналастырылды.
Өңірлер
Шымкентте зәулім коттедж отқа оранды