Семей орманында тағы өрт шықты – оқиға орнына министр барды

Sputnik
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында тағы өрт шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін сағат 11:40-та Беген орманшылығы аумағында құрғақ шөп пен ағаш жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына 100 өрт сөндіруші мен 20-дан астам техника жіберілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы да көмекке барды.
Қазіргі уақытта "Семей орманы" МОТР ақпараты бойынша өрттің алдын ала ауданы 20 га құрайды. Ауа температурасы – 28 градус, солтүстік-батыс желі – 16 м/с.
"Өрттің жанында "Шошқалы" демалыс аймағы орналасқан. ТЖД және ПД күштері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, оларға демалыс аймағынан шығу ұсынылды", - дейді мамандар.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов та аттанды.
Айта кетері, жақында Семей орманында алапат өрт болды. Соның салдарынан резерваттағы сирек кездесетін қарағайлардың 10 проценті жанып кетті. Сол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығын сынады. Юрий Юльин өз еркімен жұмыстан кетті. Жақында оның орынбасары Марат Күлдіков те қызметінен босатылды.