"Бей-берекетсіздік белең алған": Шахтинск қыста жылусыз қалуы мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Шахтинск қаласының тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін. Бұл туралы мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Amanat партиясына сілтеме жасап.
Депутат "Шахтинстеплоэнерго" кәсіпорнына барып, соған қарасты жылу электр орталығын жөндеу жұмыстарын көріп қайтты. Смағұловтың айтуынша, бірқатар мәселені уақытылы шешпеген жағдайда қала тұрғындары қыста жылусыз қалады. Биыл мамырда 1-ші, 3-ші және 4-ші қазандықтарды жөндеу жұмыстары басталды. Оны 15 қыркүйекке дейін аяқтау қажет.
"Мердігер "Идиго принт" ЖШС-ның қызметіне қатысты көп сұрақ туындап отыр. Жөндеу жұмысын небары 4 адам жасап жатыр. Бұл – жеткіліксіз. Компанияның тек қарапайым қазандықтарды жөндеу тәжірибесі бар. Ал мұндағы жұмыс ауқымы едәуір үлкен", - дейді депутат.
Бұдан бөлек, жылу электр орталығының шатыры апаттық жағдайда тұр.
"Жабдықтар ұзақ уақыттан бері жаңартылмай келді. Ал жылу желілерінде тек гидравликалық сынақтар жүргізілді. Бір сөзбен айтқанда, мұнда бей-берекетсіздік белең алып отыр", – деп атап өтті Смағұлов.
Депутат ЖЭО-ны жаңғырту мәселесін өз бақылауына алатынын мәлімдеді.
Өңірлер
Жезқазған жылу электр орталығында апат болды