АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Осы жылдың басынан бері 10,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 10 488 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 117,6 мың этникалық қазақ оралды", - делінген хабарламада.
Жыл басынан Қазақстанға оралған қандастардың жартысы Өзбекстаннан (56%), 19,3%-і – Қытайдан, 9,7%-і – Ресейден, 7,8%-і – Моңғолиядан, 4,6%-і – Түрікменстаннан және 2,6%-і басқа елдерден келген.
Еңбекке қабілетті жастағы этникалық қазақтардың саны 65,6%-ті, еңбекке қабілетті жастан кіші 25,8%-ті және зейнеткерлер 8,6%-ті құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-і – жоғары білімді, 37,1%-і – орта кәсіби білімді, 38,8%-і – жалпы орта білімді.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сондай-ақ, министрліктің ақпаратынша, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде биыл қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бұл өңірлерге 1 032 қандас қоныс аударды.
Осы өңірлерге барған қандастарға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
"Жыл басынан бері 565 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 293 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 565 адам біржолғы субсидия алды, ал 257 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды", - дейді ведомстводағылар.
Бұған қоса азаматтарды солтүстік өңірлерге көшіруге атсалысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Баспана сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-і немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Еске салсақ, осы жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды.
Пилоттық жоба аясында елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 1 984 өтініш (656 отбасы) қабылданған.