АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Түркістан облысы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың жоғалып кеткені туралы полицияға анасы хабарлаған. Кейіннен бүлдіршіннің денесі ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, 13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың денесін тапты", - делінген ведомство хабарламасында.
Департамент мәлім еткендей, бұл факт Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Күдікті Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Барлық жағдайлар анықталуда.
Оқиға орнына полиция бөлімінің басшылығы, аудандық прокурордың орынбасары және жедел-тергеу тобы барған.
Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.