АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарының коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарының бір бөлігі өтеледі. Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету аясында көзделіп отыр.
"Ол тұрмысы төмен отбасыларға немесе азаматтарға коммуналдық қызметтер (жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және т. б.) шығындарын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді", - деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Басты шарт – төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы (тең жалға алушы) болуы тиіс.
Биыл үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10%-нан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі.
Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20% аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10%-дан төмендетуге құқылы.
Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңгені (табыстың 10%-дан астамын) құраса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар.
Тұрғын үй көмегін алу үшін азаматтарға тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгіну қажет.