Сарапшы Қазақстан үшін негізгі қауіп-қатерді атады

Sputnik
АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Азия әлемнің инновациялық, саяси және техникалық орталығына айналып келеді, деп мәлімдеді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымов.
"ХХІ ғасыр — Азия ғасыры. Жер бетіндегі барлық халықтың 60 пайызы Азияда тұрады. Біз Орталық Азияның бүкіл әлемде қандай рөл атқаратынын түсінуіміз керек. Қалай даму керек, қарым - қатынасты қалай құру керектігін білуіміз керек", - деп түсіндірді Тұқымов қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумында.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда елдер үшін ең үлкен қауіп – Тәуелсіздік пен егемендіктен айырылу.
"Біз үшін мұндай қауіп жоқ. Дегенмен біз қандай тәуекелдер бар екенін нақты білуіміз керек. Ол тек терроризм, экстремизм мәселесі емес. Климаттық мәселе: құрғақшылық, өйткені су азайып барады. Метеорологтардың айтуынша, бұл бұрын-соңды болмаған ең ыстық шілде. Мұндай жағдай Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде тіркеліп отыр", - деп жалғастырды Тұқымов.
Спикердің пікірінше, Қазақстанның экономикалық даму мәселесі де маңызды.
"Біз енді ғана экономикалық реформаларды қолға алып жатырмыз. Ал оны кіммен жүзеге асырамыз? Менің ойымша, ең алдымен Азиямен. Бұл Қытай, Үндістан. Ресей де - Орталық Азия, біздің аймақ", - деп бөлісті ҚСЗИ басшысы.
Сыртқы саясатта Қазақстан нақты ұстаным ұстануға тиіс: әртүрлі қақтығыстардан тыс бола жүріп, мемлекетті дамытуға мүмкіндік беретін көпвекторлы саясат құру керек, деп есептейді ол.
"Қытай сарапшылары біз өз әлеуетімізді толық пайдаланбаймыз дейді. Олардың ет, соя, жеміс-көкөніс өнімдеріне деген қажеттілігі зор", - деп атап өтті Тұқымов.
Форумға БҰҰ өкілдері, түрлі елдердің саяси және халықаралық зерттеулер институттарының басшылары қатысады және Қазақстан барлығымен диалог орнатуға тиіс, деп түйіндеді Тұқымов.