АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Алматыда моншаға барған ер адам есінен танып, пештің үстіне құлады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жарты денесі күйіп қалған науқасты шұғыл №4 қалалық аурухананың жас сақтау бөліміне жатқызды. Дәрігерлер оның өмірі үшін 77 күн бойы күресті.
"Ол оң жағымен құлаған. Денесінің 50 проценті күйіп қалған. Бір мезгілде аутодермопластикамен 5 некректомия операциясы жасалды, тері ауыстыру отасы сәтті өтті", - дейді күйік аурулары бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменов.
Науқас жансақтау бөлімінде 41 күн жатты. Одан кейін күйік бөлімшесіне ауыстырылған.
Григорийдің ес-түссіз күйде қызып тұрған пеште қанша уақыт жатқаны белгісіз. Дегенмен оның жарақаты өте ауыр болды.
"19 сәуірде ауыр күйікпен жансақтау бөліміне түстім, бір аяғым көрде болды. Менің өмірім үшін көп адам күресті - оларға алғысым шексіз, олардың арқасында тірі қалдым. Күні бойы қасымда кезекшілікте болған жансақтау бөліміне алғыс айтамын. Күйік бөлімшесінің дәрігерлері, медбикелері мен кіші медбикелеріне мың алғыс, міне өз аяғыммен үйге қайтып барамын. Сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын", – деді алматылық Григорий Лосецкий.