АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз жылу электр станциясын жөндеу жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде қалада жылумен қамтамасыз ету жүйесін жаппай жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр.
"Екібастұз жылу электр станциясында екі қазандық жөндеуден өтті. Қалған 8 қазандықты жөндеуден өткізіп жатырмыз. Бүгінде барлық қажетті материал мен құрал-жабдық сатып алынды. Соның барлығын жеткізіп, орнатып жатыр", - деді Байханов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әкімнің сөзіне қарағанда, жылу маусымы басталғанға дейін екі су жылытатын қазандық пен бір энергетикалық қазандықты дайындау қажет.
"Олар сөзсіз дайын болады. Ал қалған қазандықтар қазан айында, кейбірі қарашада іске қосылады. Қалай болса да, қалада жылу болады", - деп атап өтті Байханов.
Осы орайда журналистер облыс әкімінен дайындық жұмыстарын уақытында аяқтауға қаншалықты сенімді екенін сұрады. Байхановтың айтуынша, артқа шегінер жол жоқ.
"Менде басқа амал жоқ. Өткен қыстағы жағдайға жол беруге болмайды. Екібастұзда ата-анам тұрады, әпкем бар. Жалпы, 30-ға жуық туысым тұрады. Сондықтан былтыр төтенше жағдай кезінде үйлердегі температура туралы ақпаратты ЖЭС-тан емес, отбасымның чатынан біліп отырдым. Сол чатта да сөз естідім. Сол кезде олар Павлодарға менің жаныма барудан бас тартты. Көршілер басқаша түсініп қалады деді. Апат кезінде барлығы өз үйінде қалды", - дейді өңір басшысы.