АЛМАТЫ, 11 шілде – Sputnik. Түркістан облысында таудан адамның мәйіті табылды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
ТЖД құтқарушылары теңіз деңгейінен 3800 м биіктіктен 56 жастағы шетелдік туристің мәйітін тапты.
"Қазіргі уақытта мәйітті жаяу түсіру жұмыстары жүріп жатыр. Қалыңдығы 20 см қар жамылғысы, жер бедерінің таулы, тасты болуы түсіру жұмыстарын қиындатып тұр", - дейді министрлік.
Құтқарушылардың айтуынша, турист шыңнан түсіп келе жатқанда құлап кеткен.
"Құтқару-іздестіру кезінде үздіксіз жаңбыр, бұршақ араласқан қар түріндегі ауа райының қолайсыздығы қиындық тудырды. Айта кетері, жолдың кейбір бөліктері шамамен 70 градус бұрышты құрайтын биік шатқалдардан тұрады, бұл қар аралас жауын-шашынның салдарынан құтқарушылардың жоғары қарай көтерілуін қиындатты", - дейді ведомство.
Іздеу-құтқару жұмыстарына Түркістан облысының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Альпинизм федерациясының кәсіби альпинистері жұмылдырылған.