АЛМАТЫ, 11 шілде – Sputnik. Атырауда отбасында ойран салған 34 адам әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлады Polisia.kz.
Жыл басынан бері Атырауда отбасындағы жанжалды айтып, полициядан 4 мыңнан астам адам көмек сұраған.
"Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша "102" арнасына 4 097 хабарлама келіп түскен. ҚР ӘҚБтК-нің 73- бабы "Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер" бойынша 1 198 адам жауапкершілікке тартылды. Қорғау нұсқамасы 1365 құқық бұзушыға шығарылды", - дейді ведомство.
Жанжал шығарғыш 334 адамға ерекше талап қойылған.
"ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы, яғни қорғау нұсқамасын бұзған 96 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта отбасының шырқын бұзған 34 адам қамауда отыр", - дейді полиция.