Алматыдағы "Алтын Орда" базарын белгісіз біреулер рейдерлік жолмен басып алмақ болған

Sputnik
АЛМАТЫ, 11 шілде – Sputnik. Еліміздегі ірі базардағы оқиғаға байланысты "Өз бетінше өктемдік орнату" бабы бойынша тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды КТК телеарансы.
Белгісіз адамдар кеңсеге басып кіріп, "Алтын Орда" ғимаратын өздігінен иемденбек болған.
Базар әкімшілігі бұл бұрынғы қожайындардың ісі екеніне сенімді.
"Базарды рейдерлік жолмен басып алды. Екі күн бұрын таңғы сағат 4-те 100 адам біздің төрт күзетшіміз тұрған бас кеңсеге басып кірген. Күзетшілерді ұрып-соққан, мұнда сауда жасайтын Тәжікстан азаматтарын соққыға жыққан. Саудагерлерді ұрып-соққан. Арыз жазылды. Кеше кассаны тартып алмақ болды", - деді "Алтын Орда" базарының атқарушы директоры Ермек Омаров.
Қазіргі уақытта күзет компаниясының қызметкерлері әкімшілік үй-жайдың аумағында бетперде тағып кезекшілік етуде және ғимаратқа ешкімді кіргізбейді.
Базарды жалға алушылар саудасын тоқтатып, жиналыс ұйымдастырды. Олардың айтуынша, елдегі ең ірі базардағы жанжал өткен айда басталған.
Сол кезде базар аумағын қорғауды ұсынған адамдар пайда болған. Олар өз құжаттарын көрсетпеген, бірақ жігіттердің бұл әрекеті күдік тудырған.
Аудан прокуратурасы аталған жағдайға байланысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, ешқандай рейдерлік басып алу болмаған.
Нысанның меншік иесі аталған базарда анықталған заң бұзушылықтарға байланысты жалға алушы компаниямен шартты бұзуға шешім қабылдаған.
"5 шілдеде "Компания номер один" ЖШС "Altyn orda new companyсы"-мен келісімшартты бұзып, "Компания номер один" ол келісімшартты бұзып, артынша ЖШС Big city market компаниясымен келісімшартқа отырған. Қазіргі таңда базар өз жұмысын жалғастыруда", -деді Алматы облысы Қарасай ауданының прокуроры Жәнібек Жақаев.
Ол аудандық полиция басқармасы "Өз бетінше өктемдік орнату" бабы бойынша қылмыстық іс тіркегенін атап өтті. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.