ҰБТ-2023: республика бойынша орташа балл – 73

Бес талапкер ең жоғары 140 балдан 137 балл жинаған
Sputnik
АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев негізгі ҰБТ-2023 қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол негізгі ҰБТ 5 шілдеде аяқталғанын атап өтті. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында өткен. Әр бала екі рет тест тапсыру мүмкіндігіне ие болды.
"ҰБТ-ның орташа балы жеті балға өсті, биыл 73 балл болды. Бес адам ең жоғары көрсеткіш алды, бұл – 137 балл. Ал 120 балдан жоғары алған балалар саны – 2868", - деді Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, осы жылы негізгі ҰБТ-ны тапсыруға 166 мың талапкер екі мүмкіндікті қоса есептегенде 305 өтініш берген. Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83 пайызын құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 67 пайызды құраған.
Талапкерлердің 75 пайызы қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тест тапсырды.
Тестілеу бес пән бойынша өткізілді: үш міндетті және екі бейінді пән. Тест тапсырмаларының саны – 120. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеу ұзақтылығы 4 сағатты құрады.