АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Қазақстанда пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкалары өзгерді, деп хабарлайды қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 746-бабы 1-тармағына енген түзетулерге сәйкес, қатты пайдалы қазбаларға пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкалары ұлғайтылды:
биржалық металдар бойынша – 50%-ға (алтын, күміс, алюминий, мыс, мырыш, уран);
биржадан тыс жекелеген металдар бойынша (темір/темір рудасы, хром және хром рудасы, марганец және темір-марганец рудасы, платина, ванадий, висмут, мышьяк, вольфрам, палладий, қалайы, никель, титан, магний, кобальт, сурьма) – 30%-ға.
Сондай-ақ, президенттің тау-кен секторының жаңа кен орындарын барлау және игеру үшін қосымша жеңілдіктерді пысықтау қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында Салық кодексінің 746-бабы 3-тармағында көзделген шарттарды бір мезгілде сақтай отырып, өнеркәсіптік өндіру басталған сәттен бастап алпыс ай (5 жыл) ішінде пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша 0 пайыз мөлшерлемесін қолдану көзделген.
Бұған қоса, егер тау-кен секторының кен орны бойынша (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобына, кен орнының бір бөлігіне) рентабельділік деңгейі 5 пайыз және одан аз болған жағдайда, Қазақстан үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес келген кезде, 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Салық кодексінде белгіленген пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкаларын қолдану құқығы берілді.