Петропавл тұрғыны есірткі тыққаны үшін 10 жылға сотталды

Sputnik
АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Петропавл қаласының 20 жастағы тұрғыны синтетикалық есірткіні таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Былтыр сотталушы "соль" деген атаумен танымал синтетикалық есірткіні бірнеше жерге тыққан. Содан кейін әрбір жерді суретке түсіріп, есірткі сататын интернет-дүкеннің кураторына жіберді. Саяжай қоғамының аумағында 6 жасырын жер болған. Сол кезде саяжайдың бір тұрғыны оны байқап, не істеп жатқанын сұраған. Бірақ жігіт қашып кеткен. Ал саяжай тұрғыны полицияға хабар берген. Есірткі тыққан жігіт көп ұзамай ұсталды.
Тінту кезінде шұлығынан 2,37 грамм α-PvP психотроптық затының үш орамасы тәркіленді. Ал жасырын жерлерден тағы 5,27 грамм шықты. Заң бойынша бұл өте үлкен мөлшердегі есірткі болып саналады.
Жас жігіт бұрын сотталмаған. Тергеумен тығыз жұмыс істеуге де келісім берді. Осының бәрі сот үкімін шығарғанда ескерілді. Оны 10 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылданды.
Қазір ол қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өз жазасын өтеп жатыр.
Айта кетері, жыл басынан бері облыста барлығы 685 келі түрлі есірткі тәркіленген.
Абай облысының тұрғыны бақшасын есірткі плантациясына айналдырған