Орман массивіне өту қаупі бар: Батыс Қазақстанның бірнеше ауылында құрғақ шөп жанып жатыр

Sputnik
АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Өртті жедел сөндіру үшін үшін Батыс Қазақстан облысына су шашатын құрылғысы бар Қазавиақұтқару борты жіберілді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта облыс бойынша құрғақ шөптің жануының 30-дан астам фактісі тіркелді. Олардың әрқайсысына Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері шұғыл барған.
Қазіргі уақытта Орал қаласы, Ақжайық, Теректі, Бөрлі, Казталов, Бәйтерек аудандарында 20 шөп өрті өшірілді. Қалған учаскелерде өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб құрылды, оның құрамында барлық коммуналдық қызметтер бар.
"10 шілде күні сағат 13:20-да Теректі ауданындағы Әйтиев ауылында құрғақ шөп өртенді. Өрт шамамен 50 га аумақты шарпыған", - делінген министрліктің хабарламасында.
Ведомство мәлім еткендей, өртті оқшаулау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Улы газдан улануға жол бермес үшін аталған кенттің 44 адамы, оның ішінде 16 бала қауіпсіз жерге көшірілді.
Қазіргі уақытта бұл елді мекенге еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Тілсіз жауды сөндіруге Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, ерікті өрт сөндіру жасағы, "Қазавтотревел" қызметкерлерінің және жергілікті тұрғындардан жалпы саны 100-ден астам адам, 10 техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта ең қиын жағдай Новопавловка ауылында болып отыр. Мұнда өрт тараған аумақ шамамен 25 га. Министрліктің хабарлауынша, тіпті, өрттің орман массивіне көшу қаупі бар. Өртті сөндіруге 20-ға жуық адам және департаменттің 3 техникасы жұмылдырылды.
Сондай-ақ, өрт алаңы анықталып жатқан Жаңа Өмір кентіне жақын жердегі өрт бақылауға алынды. Жергілікті жерде төтенше жағдайлар департаментінің, ерікті өрт сөндіру жасағы және орман шаруашылығының шамамен 20 адамы және 5 техникасы жұмыс істеп жатыр. Құрылыс және автожол басқармасының қосымша 2 су тасығышы жіберілді.
Сонымен қатар Казталов ауданының Болашақ кентінде де құрғақ шөп жанып жатыр. Өрттің ауданы – шамамен 4800 га. Өртті сөндіруге шамамен 70 адам және 13 техника жұмылдырылған.
Еске сала кетейік, бірқатар өңірде 35-39 градусқа дейінгі аптап ыстық күтіледі, өрт қаупі жоғары.