АЛМАТЫ, 9 шілде - Sputnik. Алматыда 230 көшені жөндеуге 20 млрд бөлінді, деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігі.
Қаражат қала бюджетінен бөлінген. Биыл ұзындығы 200 км 230 көшені жөндеуге 20 млрд теңге қарастырылған. Былтыр ұзындығы 189 км 210 көшеге 17,5 млрд теңге бөлінген. Ал құрылыс материалдарының құны өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 7-10%-ға өскен.
"Қазақстан аумағында былтыр 1 тонна қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонның құны 18 781 теңгені болса, биыл 21 002 теңге болды. 2022 жылы 1 тонна жол битумының құны 168 642 теңге болса, 2023 жылы 175 315 теңгеге қымбаттаған", - дейді ведомстводағылар.
Сондай-ақ ауыр бетонның құны да қымбаттаған. Жол жасайтын жұмысшылардың жалақысы да 20% көтерілген.
Әкімдіктің мәліметінше, жалпы, Алматыдағы жағдайы жақсы, әрі қанағаттанарлық жолдар сан 86%-дан 89%-ға дейін ұлғайтылады.