Түркістанда қауын ысырап болған жоқ – әкімдік

Sputnik
АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Түркістан облысында қауын ысырап болып жатқаны туралы ақпаратқа әкімдік жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желіде диқандар белшеден шығынға батты деген ақпарат тарады. Айтуларынша, қауынның бағасы тым төмендеп кетіп, шығыны ақталмай қалған.
"Әлеуметтік желілерде қауын бағасы жайында диқанның жанайқайы жарияланған. Бейнежазба бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бұл хабарлама жалған екендігі анықталды. Видеодағы азамат Мақтаарал ауданы, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Ырысты ауылының тұрғыны Яшур Өзбеков екені, ал видео түсірілген аумақ Жаңажол ауылдық округі Нұрлыжол ауылы екені белгілі болды", - дейді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жергілікті биліктің айтуынша, ақпарат шындыққа жанаспайды.
"Шын мәнінде видеода көрсетілген қауын төгінділері сатылымда сұрыптаудан (сортировка) қалған және шаруалар тарапынан тұқымдық алу үшін 2 апта көлемінде жиналған. Осыған байланысты бейнематериалды түсіріп, жалған ақпаратты таратқан азамат заңға сәйкес жауапқа тартылады", - делінген Мақтаарал ауданы әкімдігінің хабарламасында.
Жалпы биыл Мақтаарал ауданында 16911 гектар жерге бақша дақылдары егілген. Оның ішінде 5699 гектар жерге пленкалы қауын, 10666 гектар жерге ашық қауын, 380 гектар пленкалы қарбыз, 166 гектар жерге ашық қарбыз орналастырылған.
Аудан бойынша қазіргі таңда 139852 тонна бақша өнімі жиналған. Шаруалар бақша өнімдерін алғашқы піскен кезде 1 келісі үшін 550 теңгеден Қазақстан аумағына импорттап, ТМД және Ресей мемлекеттеріне экспорттаған.
"Бүгінгі таңда бақша өнімдерінің көбеюіне байланысты қауынның 1 келісі 70-80 теңге аралығында қабылданып жатыр. Баға нарықтың сұранысына сай өзгеріп отырады", - дейді ведомство.
Жалпы биыл Түркістан облысында бақша дақылдары 71,3 мың га егілген. Оның ішінде қарбыз 25,4 мың гектарға, қауын 45,9 мың гектарға егілді. Бұл республикадағы бақша дақылдары егістігінің 60% құрайды.
"Жалпы биыл тауар өндірушілерді қолдауға мемлекет тарапынан сатып алынған минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 6,5 млрд теңге қарастырылған. Сатып алынған пестицид және биогенттерді субсидиялауға 375 млн теңге және тұқым шаруашылығын қолдауға 600 млн теңге қарастырылып, қолдау көрсетіліп жатыр", - дейді әкімдік.