АСТАНА, 8 шілде - Sputnik. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузинге сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті. Бұл туралы Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі мәлім етті.
"Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен болашағын, интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады", - делінген елшілік хабарламасында.
РФ сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Михаил Галузин Дәурен Абаевты қызметке кірісуімен құттықтап, оған стратегиялық серіктестік пен одақтастықтағы екіжақты қарым-қатынастарды тереңдету мен кеңейтуде табыс тіледі.