Сәтпаев су арнасынан екі баланың мәйіті табылды

Sputnik
АСТАНА, 6 шілде – Sputnik. Кеше кәмелетке толмаған екі бала Сәтпаев атындағы су арнасына батып кетті, деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
112 пультіне кеше сағат 18.00-де Екібастұз қаласының әкімшілік бағынысындағы Байет ауылының 6 және 7-сыныптың екі оқушысы Сәтпаев арнасына бет алып, қайтып оралмағаны туралы телефон арқылы хабарлама келіп түсті.
Олардың қасында ата-аналары мен басқа да ересек адам болмаған. Балалардың киімдері жағадан табылды.
Екібастұз қаласының құтқарушылары түнде бір баланың, таңертең екінші баланың денесін тапты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жабдықталмаған су айдындарында шомылуға тыйым салынғанын ескертті.