АСТАНА, 5 шілде – Sputnik. Сарапшылардың болжамынша Астана тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент Астана әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретінін және басқа қалалардың дамуына үлгі болатынын атап өтті. Өткен ширек ғасырда елорда аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өскен.
"Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды", - деді Тоқаев елорданың 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Астананың бауырлас қалалары форумында.
Алайда, оның айтуынша, үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді.
"Менің ойымша, мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде біз "адам қала үшін емес, қала адам үшін" қағидатын басшылыққа аламыз. Адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді. Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе", - деді президент.
Тоқаев Қазақстан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән беретінін мәлімдеді.