АЛМАТЫ, 5 шілде – Sputnik. Құтқарушылар Екатеринбургтен келген туристерді ажал тырнағынан аман алып қалды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
Екатеринбургтен келген туристердің демалысы қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады.
"Әкесі мен баласы Бурабай көлінде SUP-тақтасынан аударылып кетті. Туристерді жергілікті құтқарушылар құтқарып, жағаға жеткізді", – дейді Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға болған күні Бурабайдағы көлде дауыл болған. Үлкен толқындардың салдарынан екі демалушының тақтасы аударылып кеткен. Құдай қаққанда құтқару кеудешелері суға батып кетуден сақтап қалған.
"Шетелдік демалушылар тақтаға қайта көтеріле алмаған. Он жасар ұлын толқын ары қарай алып кетпеуі үшін әкесі тақтайға жабысып ұстап тұрған. Осы кезде оларды көлді шолып тексеретін құтқарушылар байқап қалған", - дейді ведомство.
Үрейі ұшқан жеткіншекке психологиялық көмек көрсетілді.
"Өміріне қауіп төніп тұрса да, дауыл мен толқынға қарамастан, адамдар катамаранмен жүзуді қоймайды. Біз төтенше жағдайларды болдырмау үшін барлық демалушыны жағаға қайтардық", – дейді Бурабай құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Андрей Жуков.