АСТАНА, 5 шілде - Sputnik. Бурабай курорттық ауылында жазғы дәмханада болған өрттен газ баллондары жарылды, деп хабарлайды Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілерге өрт туралы ақпарат түнгі сағат03:09-да келіп түскен.
"Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жазғы дәмхананың ғимараты толығымен өртке оранғанын байқаған. Бұл хабарламаның кеш түскенін көрсетеді. Өрт сөндіру кезінде төрт газ баллоны жарылған. Салдарынан қызыл жалын көршілес ғимараттарға тез тараған", - делінген төтенше жағдайлар депаратментінің хабарламасында.
Департаменттің мәліметінше, өрт сөндірушелір қызыл жалынның тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді. 04:13-те оқшауланған өрт 05:04-те толығымен өшірілді.
Жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 38 адамы мен 10 техникасы, "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 2 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.