АСТАНА, 5 шілде – Sputnik. Ақмола облысында бұралқы иттерді заңсыз ату оқиғасына қатысты сот үкімі шықты.
Қылмыстық іс қабылданғаннан кейін Шортанды аудандық полиция бөлімінің тергеушісі іс материалы төрт томнан тұратынына қарамастан, екі апта ішінде материалды хаттамалық үлгіде сотқа жолдап үлгерді.
Шортанды аудандық сотының үкімімен ер адамға 200 АЕК (690 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Еске салсақ, ақпан айында Ақмола полициясы жануарларға қатыгездік көрсету бойынша қылмыстық істі тіркеген болатын.
Шортанды ауданы Дамса ауылының 41 жастағы тұрғыны қаңғыбас иттерді аулап, оларды сойып, етін сатқан. Тәртіп сақшылары ер адамның үйін тінту кезінде 750 келі ит етін тапқан.
"Астана қаласындағы дәмханалардың бірінің қызметкерлері бұған дейін күдіктіден 150 келідей ет сатып алғанын, ол үшін 100 мың теңгеден астам ақша төлегенін айтты. Ер адам бұрын ветеринария саласында жұмыс істеген және иттерді қалай ату керек екенін білген", - деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тінту кезінде полицейлер жануарларды ұйықтататын жебелерді тапты және ол құралдар соттан кейін жойылды.
Полицейлер азаматтарға жануарларды заңсыз атуға, қатыгездік танытуға заңмен тыйым салынғанын ескертеді. Осыған орай, егер біреу қатыгездіктің куәсі болса, дереу полицияға хабарласуын сұрайды.