АЛМАТЫ, 5 шілде – Sputnik. Алматылық "Алатау ардагерлер ансамблі" Америкаға ат арытып барып, қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен өнерін дәріптеп келді. Қарттармен Sputnik Қазақстан тілшісі тілдесіп, алыс сапардан қандай әсермен оралғанын біліп қайтты.
Алматы қаласы Алатау ауданының ақсақалдар кеңесі құрған хор Алматы облысындағы аудандардың бәрін аралаған.
"Қандай іс-шара болса да қалған жоқпыз. Спорттық жарыстарға да қатысамыз. Жеңімпаз атанып, Астанадағы гала концертте де өнер көрсеттік. ЕХРО көрмесі ашылғанда ұлттық киіммен барып, шетелден келген қонақтардың алдында өнер көрсеттік, әрқайсысын қошеметпен қарсы алдық", - дейді Алатау аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағатулла Таубалды.
Қариялар ширақ қимылдайды. Өнерге де, өмірге де құлшыныстары ерекше. Мысалы, 10 спорт түрі болса, соның кем дегенде 6 түрінен қатысады. Жақында Америкаға дейін барып қайтты.
"Былтыр қарашаның 10 күні ақсақалдар кеңесі жиналып, шетелге шығайық деп шештік. Қариялар "Түркияға барайық, Өзбекстанға барайық" деп жатты. Мен Америкаға барайық деп едім, бәрі әзілге айналдырды. Сөйтіп виза рәсімдеуге кірістім. Оңайға соқпады. Алатау ауданы әкімінің көмегі көп тиді. Жақсының жақсылығын айту керек. Содан консулдықпен, Сыртқы істер министрлігімен де сөйлестік. Олар Америкадағы Қазақстан консулдығының телефонын берді", - дейді ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Визаны рәсімдеуге Сағатулла ақсақалға қызы көмектескен.
"Хор мүшелеріне визаны жеке-жеке рәсімдейік деді. Мен оған көнбедім. Өйткені кейбіреуі өтпей қалуы мүмкін. Содан былтыр желтоқсан күттік, қаңтар, ақпан күттік, виза жасалмады. Бір күні наурызда виза дайын болды деді. Негізі қарттардың әрқайсысының бала-шағасы көмектесті. Несиеге болса да, ата-анамызды Америкаға жібереміз депті", - дейді Сағатулла ата.
Визасы дайын болғасын жүрегі өрекпіген қарттар өз өнерін көрсететін жерді консулдық арқылы іздейді. Алайда сахна төрін ұсына қоятын мәдениет ошақтары бола қоймайды.
"Консулдықтың айтуынша, залға көрерменді лық толтыру қиын. Өйткені ондағы қазақтардың барлығы ақша табу үшін барған. Әр минуты есептеулі, яғни ән тыңдауға мұрша жоқ. Сондай-ақ ондай сахнасы бар залдарды жалға алу да қомақты қаражат екен. Жеке өзім бастамашы болғандықтан өте қатты уайымдадым. Тәулігіне небәрі 3-4 сағат қана ұйықтаймын. Намазымды оқып, Алладан медет сұрадым", - дейді кеңес төрағасы Сағатулла аға.
"Алатау ардагерлер ансамблі" Америкада қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен өнерін дәріптеді
© Sputnik / Айдана Дайырова
Сағатулла аға тіпті Америкадағы қазақтардың әлеуметтік тобына да қосылады. Хорды сол жерде де насихаттайды.
"Негізі көбісі ескерту айтып, таңғалысты: "Жастарың болса 70-80-ге келді. Жолда денсаулықтарың сыр берсе, жағдайларың не болады" деді. Бірақ шешінген судан тайынбас деп кете бардық. Қариялар ұшақпен де ұшты, 19 қабат алып кемеге де отырды, автобуспен де жүрді. Ешқайсысы денсаулығына шағым айтпады. Керісінше барлығы қолдады", - дейді Сағатулла Таубалды.
12 күн гастрольдік сапарда 23 қария Американың ең көрнекті жерлерінде өнер көрсеткен. Дамыған мемлекеттің кей мәдениеті қарттардың көзіне оғаш болса, енді бір көрінісі көңілінен шыққан. Халқы көп шоғырланған атақты алаңдарында қазақтың әнұраны мен ұлттық әндері шырқалған. Көк туы желбіреген.
"Нью-Йорктің "Таймс Сквер", "Еркіндік мүсіні", "Мадам Тюссо" алаңында, тағы басқа халық көптеп жиналған алаңдарда өнер көрсеттік. Мақсатымыз – қазақтың өнерін, дәстүрін көрсету еді. Ойлаған арманымызға жеттік деп ойлаймын. Барлығы өнерімізді ұялы телефондарына түсіріп, ду қол шапалақтап, тәнті болып жатты. Қарттарымыз да сонау мұхит асып, ел көріп, жақсы көңіл-күйде оралды", - дейді Алатау аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Хор мүшелері енді Еуропа елдеріне барсақ деп армандайды.
"Америкаға барғанда әрбір қарттан шамамен 500-600 мың теңгедей ақша шықты. Бұл аудандық әкімдік берген қаражатты қоспағанда. Егер олар көмектеспегенде әр адамнан 800 мыңнан астам ақша кетер еді. Сол жаққа барғанда бізді 6 көлікпен балаларымыз тасыды. Ендігі мақсатымыз – Францияға, Италияға, Испанияға барсақ деп жүрміз. Бірақ бұл жолы қарттарымыздан көп ақша шықпайтындай жолын қарастырамын. Осы жолғы сапарда біраз нәрсеге тәнті болдым, қалай жол жүру керек, қалай шығын шығармау керектігін білдім. Егер қарттарымыздың төрт көзі түгел, аман болса әлі талай мемлекетке ұлттық өнерді паш етеміз", - дейді Сағатулла аға.
Америкаға барлығы 23 қария барған, оның ең үлкені 81 жаста болса, ең кішісі алпыстан асқан.