Қазақстан АИ-95 маркалы бензинді Ресейден импорттайды

Қазір елімізде он бес күнге жететін қор бар
Sputnik
АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АИ-95 маркалы бензинді Ресейден импорттау үшін келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бүгін таңғы 09.00-дегі жағдай бойынша елімізде АИ-92 бензині бойынша 23 күнге, ал АИ-95 бензині бойынша 15 күнге жететін қор бар. Дизель отынының қоры 29 күнге жетеді.
"АИ-95 маркалы бензинді импорттауға тура келеді. Өйткені Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу, Атырау МӨЗ-дегі апатты жөндеу жүріп жатыр, ал Шымкент МӨЗ АИ-95 бензині өндірісін төмендетті. Осыған байланысты ішкі нарықты қамтамасыз ету Ресейден импорттаудың арқасында ғана мүмкін болады деп отырмыз. Тиісті келіссөз жүргізіп жатырмыз", - деді Сәтқалиев үкімет кулуарында.
Ол АИ-95 бензинін айына 40 мың тоннаға дейін импорттау қажет екенін атап өтті. Айтуынша, Газпромнефть импорттық АИ-95 маркалы бензинді жеткізуді бастап кеткен.