АСТАНА, 4 шілде - Sputnik. Саммит ашықтық, өзара сенім мен тең құқықтық принциптеріне негізделген жаһандық көпжақты диалогқа тың серпін береді, деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"ШЫҰ қарқынды түрде кеңейіп келеді. Бұл ұйымның рөлі артып келе жатқанын, көпжақты өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нығая түскенін білдіреді. Осы ретте әріптесіміз Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Беларусь Республикасының да біздің ұйымға мүше атану процесі аяқталуға жақын", - деді президент өз сөзінде.
Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық беделі жоғары. Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды.
"Жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын ШЫҰ – күн тәртібінде ауқымды мәселелерді қарастыратын бірегей еуразиялық ұйым. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы біздің мемлекеттеріміздің үлесіне тиесілі ", - деді Тоқаев.