Қажылыққа барған жүздеген Қазақстан азаматын полиция ұстады– оқиғаның мән-жайы

Sputnik
АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Қажылыққа барған жүздеген қазақстандықты полиция ұстады. Сыртқы істер министрлігі оқиғаның мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жидда қаласына барған қазақстандықтар бас консулға хабарласып, полицияда отырғанын айтқан.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, ұсталған жерлестеріміздің қолында қажылыққа рұқсат беретін виза болмаған. Барлығы бір компанияға алданып, туристік визамен барған. Онымен қажылық жасауға болмайды.
"Бас консул өз әріптестерімен бірге полиция учаскесіне барып, қазақстандықтарды қонақ үйге босатуға ықпал еткен. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ол компания Сауд Арабиясына 300-ден астам қазақстандықты туристік визамен алып келген. Полицияда жүзден астам адам болды", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандықтарды полиция учаскесінен бірнеше автобуспен қонақ үйге алып барған. Түсіндіру жұмыстарынан кейін бір бөлігі заңға бағынып, қажылықты тоқтатуға келісті. Тіпті, өз ақшасына қайтып кеткендер бар. Алайда заңға бағынбайтындар да табылды. Олар полициядан шыққаннан кейін автобусты тоқтатып, белгісіз бағытта кетіп қалған.
"Біз олардың қайда жүргенін білмейміз. Қажылықты жалғастырып жатқан шығар", - деп атап өтті Смадияров.
Туристік компанияның басшысы да Сауд Арабиясында жүр. Олар 7-8 маусымға дейін 306 адамды елге қайтаруды жоспарлап отыр.