АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында киіктен зардап шеккен оңтүстік аудандарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін, деп хабарлайды Хабар 24.
Биыл Бөкей орда ауданында шөптің шығымы көңіл көншітпейді. Жаңа қылтиып келе жатқан көкті сәуірдегі салқындық буып тастаған, азын-шоғын шыққанын киік таптап кеткен. Енді шабындыққа шалғы салған шаруалар қысқы мал азығын қайдан дайындарын білмей отыр.
"Қос трактормен таңнан кешке дейін шапқанда 15 рулон ғана түсіп тұр", - дейді механизатор Жасұлан Шәкіров.
Казталов, Жәнібек аудандарында да жағдай мәз емес. Арнайы комиссия ауылдарды аралап, шабылған шөпті өлшеп, шығынды есептеп жатыр.
Қазір 3-4 ауылда шөп жоқ. Оны басқа аудандардан тасылмалдауға тура келеді. Бірақ шығындар кімнің есебінен өтелетіні белгісіз. Себебі киіктен келген шығынды өтеу тетіктері еш заңда жазылмаған.
Күні кеше Астанаға барған облыстық мәслихат депутаттары ауыл шаруашылығы министрімен кездесіп, шаруалардың мәселесін жеткізді.
"Қыстан шығу үшін мал азығын сатып алуға көмек ретінде 10 млрд-тай ақша керек. Ол ақша облыста бізде жоқ. Министрдің ұсынған жолдары киіктен залал келген аудандарға, ауылдарға төтенше жағдай жариялау. ТЖ арқылы тез болады деп, ұсынысы - сол", - дейді депутат Нұртай Жұмашев.
Ал шаруалар шұғыл түрде киік санын шектемесе, келешекте шабындық түгілі жайылым жер болмауы мүмкін деп отыр. Ақбөкендер соңғы жылдары қала маңына дейін жетіп, астықты алқаптарға ауыз салды. Диқандар егін ексе қып-қызыл шығынға батады, екпесе пайдаланбаған жерді мемлекет қайтарып алады.