Шымкентте жалдамалы пәтерден әйелдің мәйіті табылды: күдікті ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Шымкентте полицейлер жас келіншекті өлтірді деген күдікпен Түркістан облысының тұрғынын қамауға алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалға алынған пәтерлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар жас әйелдің мәйіті табылған. Жәбірленушінің механикалық асфиксия салдарынан қайтыс болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл жайт Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тіркелді.
Полицейлер жәбірленушінің жеке басын анықтады. Ол Шымкентке жұмыс іздеп келген 28 жастағы әйел болып шықты. Жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, тергеушілер мен жедел уәкілдер дереу күдіктіні іздеуге және оны ұстауға кірісті.
Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу кезінде кісі өлтіруге қатысы бар жас жігіт жедел уәкілдердің көзіне түсті. Ол 29 жастағы Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Осы азаматтың деректерімен бірден барлық бөлімшелерге бағдарлар жіберілді. Нәтижесінде Шымкент қаласының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні Жетісай ауданында тұрғылықты мекенжайынан ұстады.
Күдікті қамауға алынды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Тергеушілер жасалған қылмыстың себебін анықтап жатыр.