АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Рудный қаласында зейнеткер әйел төсек жаймаларын бір-біріне байлап, төртінші қабаттан түспекші болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полицияға Қашар кентінде 4-қабаттағы балконда егде жастағы әйелдің отырғаны туралы хабар түсті. Ол төсек жаймаларын бір-біріне байлап, жерге түспекші болған. Оқиға орнына бірден учаскелік полиция инспекторы Тілектес Әубәкіров барды.
Тәртіп сақшысы зейнеткердің үйіне кіре алмаған. Есігі жабық болған. Содан кейін ол жоғарғы қабаттағы көршіге барып, балкон арқылы зейнеткермен сөйлескен. 75 жастағы әйел үйде жалғыз қалғанын, ал есікті ұлы сыртынан құлыптап кеткенін айтты. Далаға шыға алмағаннан кейін балкон арқылы түспекші болған.
"Мен зейнеткермен сөйлесіп жатқанда туыстарына қоңырау шала бастадым. Біраз уақыттан кейін оның жиені келді. Ол азаматта үйдің қосымша кілті болды", – дейді инспектор Әубәкіров.
Біршама уақыттан кейін зейнеткердің ұлы да келген. Ол таңертең анасын мазалағысы келмегендіктен, есікті сыртынан жауып кеткенін айтты.