АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Алдағы уақытта көліктің мемлекеттік нөмірінде жазылатын үш әріптік серияны таңдауға болады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде жоғары сұранысқа ие автокөлік нөмірлеріy сатып алуға болады. Оған электрондық үкімет порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Алайда нөмірдегі үш әріптің сериясын таңдау қызметі жоқ.
"Маған басқа да арналар арқылы қажетті нөмірлерге тапсырыс беруге болатындығы туралы ақпарат келіп жатады. Бұл жағдаймен барынша таныспын. Сондықтан біз мемлекеттік нөмірлерді таңдауға бағытталған қызметті енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Мәселен, сатып алушы өз есімінің алғашқы үш әрпін енгізу арқылы қалаған нөміріне қол жеткізе алады. Бұл қызмет түріне бізде үлкен сұраныс бар", - деп жазды Мусин әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, ондай қызметті енгізу үшін жоғары сұранысқа ие нөмірлердің тізбесін заңнамалық түрде бекіту керек. Парламент тиісті заңға өзгеріс енгізуі тиіс. "Осындай нөмірлерді сату арқылы бюджетке қосымша қаражат түсіретін едік", - дейді министр.