АЛМАТЫ, 1 шілде – Sputnik. Жетісу облысында жол апатынан бір адам көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 30 маусым күні Сарқан ауданында болған. 73 жастағы ер адам тізгіндеген Volkswagen Polo көлігі Алматы-Өскемен тас жолының 462 шақырымында аударылып кеткен.
Шетелдік көлікте болған 33 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Зардап шеккен екінші жолаушы қарт жүргізушімен бірге Сарқан аудандық ауруханасына жатқызылды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары басталды.