АСТАНА, 1 шілде - Sputnik. Петропавлда жаңа әкім тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Серік Махсұтұлы Мұхамедиев Петропавл қаласының әкімі болып тағайындалды", - деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметі.
Облыс орталығының басшысы лауазымына Серік Мұхамедиевтің кандидатурасын келісу мәселесі Петропавл қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаралды. Кандидат бірауыздан мақұлданды.
Серік Мұхамедиев 1965 жылы 9 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1989 жылы Өскемен құрылыс-жол институтын инженер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Алматы қаласындағы 2562 автоколоннаның пайдалану бөлімінің басшысы болып бастады. Одан кейін әртүрлі ЖШС-да басшылық қызметтерде болды.
Мемлекеттік қызметке 2010 жылдың шілде айында келген.
Түрлі жылдары жоспарлау-сметалық және мердігерлік жұмыстар бөлімінің бас маманы, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бөлімінің басшысы, Солтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2016 жылғы наурыздан 2021 жылғы қазанға дейін Солтүстік Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарды. 2021 жылдың қазан айынан бастап қазіргі тағайындалғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі болды.
Еске салсақ, бұған дейін Руслан Анбаев бір жылға жуық уақыт қала әкімі қызметін атқарған. Ол 2022 жылдың 5 тамызында әкім болып тағайындалға еді.